Жалғыз бүйрегі бар пациенттерге хирургиялық ем жүргізу ерекше мұқият дайындықты талап етеді. Сондықтан дәрігерлер операция алдында инфекциялық процесті ескере отырып, ықтимал асқынулардың қаупін барынша азайтуға бағытталған қажетті дайындық шараларын жүргізді.
18 қыркүйекте пациенттің оң жақ бүйрегіне перкутанды нефролитотрипсия (ПНЛТ) жасалды. Операция барысында барлық тас көлемі бір сантиметрге жетпейтін шағын тілік арқылы алынды. Бұл аз инвазивті әдіс хирургиялық жарақатты азайтып, бүйрек қызметін барынша сақтауға мүмкіндік береді.
Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың урология бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер-уролог, PhD Ербол Искаковтың айтуынша, мұндай операция кезінде үлкен хирургиялық тілік жасалмайды.
«Бел тұсында кішкентай тесік арқылы бүйрекке жіңішке арна жасалады. Сол арқылы арнайы құрал енгізіліп, тастар лазердің көмегімен ұсақталып, толық алынады. Бұл әдістің негізгі артықшылығы – хирургиялық жарақаттың аз болуы және науқастың тезірек қалпына келуі», – деді дәрігер.
Операциядан кейін пациент келесі күні-ақ қозғала бастаған. Екінші тәулікте дренаждары алынып, төртінші күні қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды. Алдағы уақытта науқас уролог дәрігердің бақылауында болады.
Пациент Ләззәт Дәулетова Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың дәрігерлері мен медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді. Оның айтуынша, ол 16 қыркүйекте Орал қаласынан Астанаға арнайы ем қабылдап, операция жасату үшін келген.
«2017 жылы бір бүйрегіме ота жасалып, оны алып тастаған болатын. Қазіргі таңда жалғыз қалған екінші бүйрегіме тас жиналып, қатты ауырсынумен медициналық көмекке жүгіндім.
Орталыққа келген алғашқы күннен бастап барлық дәрігерлер мен мейірбикелердің жылы қарсы алып, ерекше қамқорлық көрсеткеніне шын жүректен ризамын. Әрбір медицина қызметкерінің жанашырлығы мен жылы қарым-қатынасы маған үлкен демеу болды.
Әсіресе, дәрігер Дәурен Айтжанұлына ерекше алғысымды білдіремін. Ол кісі ота алдында жасалатын операцияның өте күрделі әрі қауіпті екенін, барлық тәуекелдерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Соған қарамастан, менің денсаулығым үшін бар күшін салып, кәсіби білімі мен мол тәжірибесін көрсетті.
Науқастың емдеуші дәрігері Дәурен Абдыровтың айтуынша, жалғыз бүйрегі бар пациенттерге диагноз қоюдан бастап хирургиялық емдеу әдісін таңдауға дейін ерекше назар аудару қажет.
«Мұндай пациенттерде басты мақсат – тасты алып қана қою емес, жалғыз бүйректің қызметін барынша сақтау. Сондықтан операция алдында қажетті дайындық жүргізіліп, инфекциялық процесті ескере отырып, емдеу тәсілі мұқият таңдалады. Бұл жағдайда барлық тастарды бір сантиметрге жетпейтін шағын тілік арқылы алып, хирургиялық жарақатты барынша азайтуға мүмкіндік болды», – деді Дәурен Абдыров.
Ұлттық ғылыми медициналық орталықта мұндай операциялар тұрақты түрде жүргізіледі. Несеп-тас ауруы урологиялық тәжірибеде жиі кездесетін патологиялардың бірі.
Орталықта жыл сайын бүйрек тастарына байланысты шамамен 250–300 пациент хирургиялық ем алады.Қазіргі таңда Ұлттық ғылыми медициналық орталықта заманауи медициналық жабдықтар мен аз инвазивті технологиялар кеңінен қолданылады. Бұл әр пациенттің жеке клиникалық жағдайын ескере отырып, жоғары технологиялық урологиялық операцияларды жүргізуге мүмкіндік береді.